05
сентябрь
2025
Балада агрессия пайда болғанда не істеу керек
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
1) Балаға жастайынан өз ойын, қалауын ашып айтуды үйрету керек. Өйткені кішкентай бала ішіндегісін айта алмағанда, қалауын жеткізе алмағанда онысы бірте-бірте агрессияға айналады. Ата-ана белгілі бір жағдайларда «болмайды» деп бір ауыз сөзбен шектелмей, неге болмайтынын түсіндіріп отыруы қажет.
2) Ата-ана отбасындағы атмосфераның жайлы болуын қамтамасыз етуі керек. Баланың мінезі, тәрбиесі өзгеріп бара жатса, ең алдымен ата-ана оны өз іс-әрекетінен іздеп көрсін.
3) Отбасында ата-ананың «Баламен сағат» деген белгілі бір уақыты болуы маңызды. Мысалы, кешкі астан соң баламен бірге бір сағат үй тапсырмасын орындау, ертегі оқу, әңгімелесу. Немесе аптасына бір рет демалыс күнді балаға арнау, онымен бірге түрлі ойындар ойнау. Бала ата-анасымен бірге уақыт өткізгенде көңілді, ұстамды, мейірімді, салмақты боп, бойындағы агрессия «емделеді». Ал ата-анасының назарынан, махаббатынан тыс қалған сайын балада агрессиялық мінез-құлық, қырсықтық, қыңырлық өрши түседі.
4) Тәрбиелеу стиліңізді өзгертіңіз. Тым қаталдық, қатаң жазалармен қорқыту және тым еркелету, айтқанын орындай беру де баланың агрессиясын тудырады. Сондықтан тәрбиеде қаталдық пен жұмсақтықтың таразы басы тең болғанын қадағалаңыз. Сондай-ақ әкесі тәртіпсіздігі үшін баласына ұрысқанда шешесі перзентінің сөзін сөйлеп жақтауы да дұрыс еместігін есте ұстаңыз. Бұл баланың психикасына кері әсерін тигізеді.
5) Баланың агрессиясын ауыздықтауға тәрбиелік әдіс-тәсілдеріңіздің күші жетпей жатса, арнайы маманға апарыңыз.
Психологпен немесе психотерапевтпен психокоррекциялық жұмыстар жүргізу қажет.